Исатай ауданының Хамит Ерғалиев ауылында 1960–1970 жылдары салынған үш екі қабатты үй апатты деп танылып, қазір толықтай бұзылуда. Барлығы 17 пәтер болған, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Бұған дейін облыстық бюджет есебінен жаңа 17 пәтерлі үй салынып, қыркүйек айында тұрғындар жаңа баспаналарына қоныстанған. ӨКҚ мәліметінше, ғимаратта газ, су, жарық және кәріз жүйелері бар, ауласы абаттандырылған.
«Бұл бастама аудан тұрғындарын қауіпсіз әрі қолайлы тұрғын үймен қамтуға мүмкіндік берді. Апатты үйлер мәселесін шешуге бағытталған нақты нәтижелі жұмыс», – дейді аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Нұрбол Жампейісов.
Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар аудан бойынша кезең-кезеңімен жалғаса береді.
Әлия ЖАМИТОВА