Құлсары қаласындағы үш мекемеде қару айналымы қағидаларының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жылыой аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 2 ақпан мен 20 наурыз аралығында өтіп жатқан республикалық жедел-профилактикалық «Қызметтік қару» іс-шарасы аясында қару сақталатын мекемелерге тексеру жүргізді.
Тексеру барысында қаруды сақтау, есепке алу, тіркеу және қайта тіркеу қағидаларының сақталуы, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарының заңдылығы зерделенді.
Тексеру нәтижесінде үш мекемеде қару айналымы талаптарының бұзылғаны анықталды. Аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484-бабының 1-бөлігіне (азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды.
Жылыой аудандық полициясы қару иелері мен ұйым басшыларын құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаруды сақтау мен тіркеу талаптарын қатаң сақтауға шақырады.