5 ақпанда Құлсарыда болған резонанс тудырған оқиғаның ортасында қалған оқушы Ұзақбай Мейіржанның анасы Маншук Жиенбетова әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа үндеу жасады. Ол өз жазбасында болған жағдайдың мән-жайын және жанжалға не себеп болғанын баяндады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Маншук Жиенбетованың айтуынша, оқиға болған күні ұлы №6 Пушкин атындағы мектепте сабақта отырған. Бір сәтте оған төрт жасөспірім келіп, мектептің дәретханасына шақырған. Болжам бойынша, олар сол жерде онымен «есеп айырысуды» көздеген. Төртеуіне жалғыз қарсы тұрған жасөспірім құрдастарына төтеп бере алмай, балта тауып алған. Кейін оларды қуа бастаған, соның салдарынан төтенше жағдай туындаған.
Анасының айтуынша, өткен жылдың күзінде-ақ ұлы сыныптастары тарапынан қысым көргендіктен, өзін басқа мектепке ауыстыруды сұраған. Алайда ата-анасы оны осы мектепте соңғы оқу жылын аяқтауға көндірген. Сол кезде жасөспірім ары қарай осы жерде оқи берсе, «бір қайғылы жағдай болуы мүмкін» деп ескерткен. Әйелдің пікірінше, дәл сол уақыттан бастап оны жүйелі түрде қудалау басталған.
Сонымен қатар отбасы аталған төрт жасөспірімге қатысты арыз жазбаған. Анасы мұны татуласуға үміт артқанымен және мектеп оқушылары арасында «терпила» деген сөздің кең таралуымен түсіндірді. Оның айтуынша, балалар шағымданса, одан әрі қысымға ұшыраймыз деп қорқады.
Әйел сондай-ақ №6 мектеп директорының жұмыстан босатылмауын сұрады. Оның айтуынша, болған оқиға білім беру мекемесі басшылығының әрекеттерімен байланысты емес. Оқиға кезінде ұлы сабақта отырған және ешкімді арандатпаған.
Анасының сөзінше, Мейіржан туралы пікірлер негізінен оң. Ол орташа оқыған, жанжалқой болмаған, көршілері мен таныстары да ол туралы жақсы пікір айтады.
Қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасуда, мән-жайы құзырлы органдар тарапынан анықталып жатыр.
Автор: Әлия Жамитова