Атыраулық құтқарушы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқаруда жанқиярлығы, сондай-ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін азаматтық қорғау кіші сержанты Азамат Бердіғалиев Рақымжан Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды. Атырау облыстық ТЖД Имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан білгеніміздей, А.Бердіғалиев 2002 жылы Атырау қаласында дүниеге келген.
Азаматтық қорғау органдарында 2022 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Бүгінгі таңда Атырау қаласы ТЖБ № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші – құтқарушы лауазымында қызметтік міндеттерін атқаруда.
Қала аумағында бірнеше рет орын алған ірі өрттер мен авариялық-құтқару жұмыстарына қатысып, су тасқынымен күрес жұмыстарына қатысып, батылдық пен шеберлік таныта білді.
Ерлігіне тоқталсақ, 2025 жылғы 19 мамыр күні кешкі уақытта Атырау қаласы Авангард ықшам ауданындағы көп пәтерлі тұрғын үйдің үшінші қабатынан өрт шыққан болатын. Оқиға орнына жедел келген кезде үйдің үшінші қабатында орналасқан пәтердің терезесінен қалың түтін шығып, 3,4,5 қабаттарды түгел қою түтін басып қалды. Бұл адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді.
5-ші қабатты барлау жұмыстарын жүргізген кезде, подъезді қою қара түтін басып қалғандықтан, А. Бердіғалиев жорғалап алға жылжуға мәжбүр болды. Дәліз бойымен қозғалу барысында ол пәтерлердің бірінен ересек адам мен 3 айлық нәрестені анықтады. А.Бердіғалиев нәрестені көрпеге орап, қосымша респираторлық масканың көмегімен анасы мен сәбиін таза ауаға алып шығып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. А.Бердіғалиевтің дер кезінде және жанқиярлық әрекеттерінің арқасында түтін арасында қалған адамдар құтқарылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ