Атырауда жол сапасын бақылайтын зертхана асфальт жабындысын жобалау әдісін енгізбек, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалы аймақтағы жол сапасын арттыру мақсатында жаңа технологияларды енгізуді жоспарлауда. Зертхана жыл басынан бері жол құрылысына пайдаланылып жатқан материалдардан 2200-ден астам сынама алып, сынақтан өткізген,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Орталық жол зертханасы ISO-17025 халықаралық стандартына сай аккредитациядан өткен және жаңа буындағы құрал-жабдықтармен жабдықталған.
- Филиалдың жол зертханасында материалдар кешенді түрде тексеріледі. Мұнда қиыршық тастың құрамынан бастап асфальтбетон қоспасының сапасына дейін толық сараптама жүргізіледі. Қазір қала ішінде мастика аралас ұсақ тасты асфальтбетон қолданылып жатыр — бұл төзімділігі жоғары материал. Алдағы уақытта асфальт жабындысының аязға және ауыр жүк көліктеріне төзімділігін арттыратын «суперфейп» жобалау әдісін енгізу жоспарлануда,- деді зертхана меңгерушісі Дәурен Кенжешов.
Мамандардың айтуынша, зертханада битумның сапасына айрықша назар аударылады. Мұнда оның созылғыштығы, сыну температурасы мен ескіруге төзімділігі сияқты көрсеткіштер мұқият тексеріледі. Филиал жол сапасын бақылаумен қатар мамандар даярлау ісіне де үлес қосып, «2000 мектеп» жобасы аясында оқушылар мен студенттерге арналған «Ашық есік» күндерін тұрақты түрде өткізіп келеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ