Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігін сақтау және жылыту маусымында тұрмыстық өрттердің алдын алу мақсатында баспасөз турын өткізді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінде департаменттің қамтамасыз етілу деңгейі 82,8 пайызды құрайды. Қарамағында 245 техника, 38 жүзу құралы және 23 аспалы мотор бар. Биыл қосымша 91 жаңа техника, 1 жүзу құралы және 10 мотопомпа сатып алынған. Бұл жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылуда.
Биік ғимараттарда орын алуы мүмкін төтенше жағдайларға арналған фин өндірісінің VEMA автосатысы ерекше маңызға ие. Ол 70 метр биіктікке көтерілу мүмкіндігіне ие, 500 келіге дейінгі жүкті көтере алады және су мен көбік беруге арналған заманауи жүйемен жабдықталған.
Мамандардың айтуынша, қыс – құтқарушылар үшін ең қарбалас кезең. Бұл уақытта пештердің және электр сымдарының ақауынан өрттің шығуы жиілейді, сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-көлік оқиғалары да артады. Осыған байланысты техника мен қызметкерлердің дайындығы ерекше бақылауда тұр.