Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен Айбек Орынбасарұлы облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының директоры лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Айбек Орынбасарұлы — денсаулық сақтау саласында 13 жылдан астам тәжірибесі бар білікті басшы, кәсіби ұйымдастырушы және жоғары жауапкершілік иесі. Ол еңбек жолын 2012 жылы Атырау облыстық балалар ауруханасында дәрігер-статистик болып бастап, кейін ұйымдастыру-әдістемелік бөлім басшысы және директордың орынбасары қызметтерін атқарды.
2018 жылдан 2023 жылға дейін «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» Атырау облыстық филиалының директоры, ал 2023 жылдан бастап «С.Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтау деректер орталығының» Атырау облыстық филиалының директоры қызметін атқарды.
Ол — денсаулық сақтау саласындағы басқару мен заманауи менеджменттің үздік тәжірибесін меңгерген маман. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Жаңа қызметінде Айбек Орынбасарұлы жедел медициналық көмек сапасын арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге және саладағы тиімді басқару жүйесін дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастырмақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ