Құрманғазы ауылында орталық стадионды қайта жаңарту жұмыстары уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жоба 2022 жылы іске қосылған — сол жылдың 26 қазанында 922,7 миллион теңгеге келісімшартқа қол қойылған болатын. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 12 ай ішінде аяқталуы тиіс еді, алайда мерзім бұзылған.
Мерзімнің бұзылуына байланысты мердігер ұйым жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен компаниядан 8,8 миллион теңге көлемінде айыппұл өндіру туралы қаулы шығарылды. Сонымен қатар, қосымша 83 миллион теңге өндіру бойынша сот процесі жалғасуда. Үш жыл ішінде бюджеттен бөлінген қаражат толық игерілген.
Жұмыстардың тоқтауына байланысты мердігермен жасалған келісімшарт бұзылды. Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Марат Хасановтың айтуынша, жаңа мердігерді анықтау үшін конкурс 2026 жылға жоспарланған.
Әкімдік өкілдері нысанның құрылысын қайта бастау мәселесі бақылауда екенін атап өтті. Жаңа мердігер анықталғаннан кейін орталық стадиондағы жұмыстар қайта жалғастырылады.
Құрманғызы ауылындағы орталық стадион құрылысына жаңа мердігер 2026 жылы анықталады.
Лия НҰРТАЙ
Фото: ru.freepik.com