Атыраулық құтқарушы ең жоғары наградалардың бірімен марапатталды
- Details
- 25.10.2025
Атырауда учаскелік полиция инспекторы биіктіктен құлап кетудің алдын алып, төрт жасар қыз баланы құтқарып қалды, деп хабарлайды Atyrau Today тілшісі.
Оқиға Нұрсая шағынауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Анасы үлкен қызын мектепке апару үшін үйден аз уақытқа шығып кеткен сәтте, кішкентай қызы үйде жалғыз қалған. Сол кезде қыз бала терезені ашып, москит торына сүйеніп, терезе алдына шыққан. Ал тор оның салмағын көтере алмауы мүмкін еді.
Қауіпті жағдайды көшеде өтіп бара жатқан әйел байқап қалған. Ол қызбен сөйлесуге тырысып, дереу полицияға хабар берген.
Оқиға орнына №14 тірек пунктінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Рүстем Жұмабаев жедел жеткен. Ол жабық есік арқылы қызбен сабырлы сөйлесіп: «Қазір анаңды табамыз, есікті ашамыз, қозғалма» деп оны тыныштандырған.
Полицейдің жедел әрі байсалды әрекетінің арқасында бала сабасына түсіп, анасы келгенге дейін аман қалған.
Белгілі болғандай, анасы небәрі бірнеше минутқа ғана шыққан екен. Полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмаудың маңызын ескертті.
Атырау облысының полиция департаменті ата-аналарды қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді сақтауға шақырады:
- Кішкентай балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз;
- Терезелерге арнайы бекіткіш пен құлып орнатыңыз;
- Москит торы баланың салмағын көтере алмайтынын есте сақтаңыз;
- Балаларға терезе мен балкон маңында ойнаудың қауіпті екенін түсіндіріңіз.
Балалардың қауіпсіздігі — ересектердің басты жауапкершілігі!
Сәуле МАҒАУ