Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атыраулық тұрғын Оймяконды бағындырған алғашқы қазақстандық атанды (+ВИДЕО)

Қаңтар айының ортасында Атырау қаласының тұрғыны Берік Есенғалиев жер шарындағы ең қатал әрі ең жұмбақ өңірлердің бірі — Якутияға аттанды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі. 

Оның сапарының басты мақсаты — ауа температурасы −71,2 градусқа дейін төмендейтін, Жер бетіндегі ең суық елді мекен ретінде танылған Оймякон ауылы болды.

Шығыс Якутияда, Индигирка өзенінің жағасында орналасқан Оймякон Солтүстік жарты шардың Суық полюс саналады. Оңтүстік жарты шарда экстремалды суық аймақтарда адамдар тұрақты өмір сүрмесе, Оймяконда аяз бен күнделікті тіршілік қатар өрбиді. Бұл жағынан оның баламасы жоқ.

Саяхатшының айтуынша, ол көптен бері аңызға айналған Суық полюсті көруді ғана емес, сол өңірдің қатал өмір сүру жағдайын өз көзімен көріп, сезінуді, сондай-ақ саха халқының мәдениетімен жақынырақ танысуды армандаған. Дәл осы мақсаттар оның сапарына басты түрткі болған.

Якутияға жету жолы ұзақ әрі оңай болмаған. Берік жерүсті бағытын таңдап, Атырау — Астана — Петропавл — Новосибирск — Тында — Нижний Бестях — Якутск бағытындағы пойыздармен жол жүрді. Сапар барысында ол бірнеше уақыт белдеуін кесіп өтіп, жолда шамамен төрт тәулік уақыт өткізген. Уақыттың ауысуы мен пойыздағы ұзақ жол ұйқы режиміне әсер еткенімен, бұл саяхатшыны тоқтата алмаған.

Берік Есенғалиев Якутияда шамамен бір ай немесе бір жарым ай болуды жоспарлап отыр. Осы уақыт ішінде ол солтүстік өңірдің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетіне толықтай бойлауды мақсат етеді. Өз сапарын ол көптен бергі арманын жүзеге асыру деп атап, өзгелерді де армандарын кейінге қалдырмауға шақырады. 

Әлия ЖАМИТОВА

БЕЙНЕЖАЗБА ОСЫНДА...