Республика көлемінде 22–26 қараша аралығында интернет желісі арқылы жанасусыз тәсілмен жүзеге асырылатын есірткі құралдары мен психотроптық заттарды өткізу арналарын анықтау және олардың жолын кесу мақсатында «Цифрлық өткізу» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Іс-шара барысында Атырау облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы еріктілермен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар 20-дан астам граффити жазуын анықтап, жойды. Айта кетейік, полицейлер жыл басынан бері «Кибер-қадағалау» бағдарламасы арқылы есірткі жарнамалаған 1140 интернет ресурсты анықтап, бұғаттауға жолдады. Сонымен қатар, есірткі жарнамасы бар 80-нен астам граффити жазуын жойды.
Қазіргі таңда есірткі саудасымен айналысатындар синтетикалық есірткілерді жарнамалау үшін түрлі жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануда. Әлеуметтік желілерде есірткі тасымалдау немесе соған қатысты жұмыс ұсынатын хабарламалар көбейіп келеді. Сол себепті тәртіп сақшылары есірткі граффитилеріне куә болған азаматтарды селқостық танытпай, әрбір жайт бойынша тез арада 102 арнасына хабарлау керегін айтады.
Полицейлер есірткі құралдарын, психотроптық заттар және олардың аналогтарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалағаны үшін Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді.