Атырауда судағы хлор көрсеткіші 0,35 мг/л болып тіркелді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
«Атырау облысы Су Арнасы» КМК зертханасының меңгерушісі Асылжан Сиюмованың айтуынша су сүзгі стансасындағы қалдық хлор көрсеткіші қалыпты деңгейден төмен.
- Хлордың рұқсат етілген нормасы 0,8–1,2 мг/л. Қазіргі көрсеткіш нормадан төмен және адам денсаулығына қауіпсіз. Барлық учаскеден алынған су сынамалары толық нормаға сәйкес шықты», – деді ол.
Су тазалау қондырғылары бөлімінің басшысы Жеңіс Елмахамбетов хлор иісінің пайда болуын түсіндірді:
«Су тұтыну төмендеген кезде құбырларда судың айналымы баяулайды. Сол кезде қалдық хлор қысқа уақытқа жиналып, суды алғаш ашқанда жеңіл иіс сезілуі мүмкін. Бұл қалыпты құбылыс және судың сапасына әсер етпейді» деді.
Мамандар ауызсудың ішуге, тамақ дайындауға және тұрмыстық мақсатта пайдалануға толық жарамды екенін ресми түрде мәлімдеді.