Өңірде өткен жылы өндірісте 54 жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 59 адам ауыр дене жарақатын алып, тағы 8 қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды Atyrau Today.
Тексеру нәтижелері көрсеткендей, 36 жағдайда өндірістік жарақаттанудың негізгі себебі жұмыс берушілер тарапынан еңбекті қорғаудың тиісінше ұйымдастырылмауы және ішкі бақылаудың әлсіздігі болған. Ал тағы 18 жазатайым оқиға зардап шеккендердің өздерінің өрескел абайсыздығынан орын алған. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 122-бабына сәйкес барлық зардап шеккендерге міндетті сақтандырушы мен жұмыс берушілер тарапынан материалдық көмек көрсетілген.
Тергеу материалдары бойынша барлық 54 дерек құқық қорғау органдарына жолданды. Қазіргі таңда 48 қылмыстық іс тоқтатылып, 6 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.
Атырау облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің еңбекті қорғау қауіпсіздігін бақылау бөлімінің басшысы Ислам Игамбердиевтің айтуынша, жазатайым оқиғалардың ең көп саны мұнай-газ саласында, коммуналдық шаруашылықта, теміржол саласында, энергетикада, құрылыс, көлік, байланыс және бюджеттік салада тіркелген. Аталған салаларда алдын алу және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында өңірде 226 кәсіпорын еңбек жағдайлары бойынша аттестациядан өткен. Жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарының болмауына байланысты 33 ұйым жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 12 миллион теңгеден асты. Қолданыстағы кәсіпорындарды міндетті сақтандырумен қамту деңгейі 75,6 пайызды құрады.
Сонымен қатар өндірістегі жазатайым оқиғаларды жасыру фактілері үшін 17 ұйымға 3 миллион 342 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Фото: ru.freepik.com