Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда айналаға қоқыс лақтырғандар 400 мың теңге айыппұл төлей ме?

Атырау тұрғындарына қалалар мен елді мекендерді абаттандыру ережелерін сақтау қажеттігі тағы да ескертілді. Аталған ережелерге сәйкес, жеке және заңды тұлғалар өздеріне тиесілі жылжымайтын мүлік пен өзге де нысандардың айналасын 5 метр радиуста таза ұстауға міндетті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Бұл талапқа сай, әрбір үй иесі немесе кәсіпкер өз нысанының маңайындағы аумақты дер кезінде тазалап, қоқысты шығарып, өскен шөпті орып, жалпы тәртіпті сақтауға тиіс. Мысалы, егер жеке үйдің немесе дүкеннің жанында арам шөп өсіп кетсе, оны шабу сол нысан иесінің тікелей міндетіне жатады.

Абаттандыру ережелерін бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, ережелерді бұзған тұлғаларға келесі мөлшерде айыппұл салынады:

  • жеке тұлғаларға — 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);

  • шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға — 30 АЕК;

  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне — 40 АЕК;

  • ірі кәсіпорындарға — 100 АЕК.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында атап өткендей, бұл шаралар елді мекендердің тазалығын, қауіпсіздігін және көріктілігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Көшелердің тазалығы — баршаның ортақ міндеті. Үй аумағындағы және бизнес нысандарының айналасындағы тәртіп пен тазалыққа жауапкершілік олардың иелеріне жүктеледі. Бұл ережелерді тұрақты түрде сақтау — жайлы әрі көрікті қалалық ортаны қалыптастырудың кепілі», — деді басқарма өкілдері.

Мамандар тұрғындарды өздеріне тиесілі аумақты уақытылы тазалап, абаттандыру талаптарын сақтауға шақырды. Бұл — айыппұлдан құтылып қана қоймай, қаланы баршаға таза әрі тартымды етуге қосылатын ортақ үлес.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ