Атырау облысы прокуратурасының үйлестіруімен және жергілікті атқарушы органның қолдауымен өндірістік нысандарды жаңарту мақсатында Атырау облысы бойынша ҚАЖД №15 мекемесінде әрқайсысының жалпы ауданы 880 м² болатын екі ангар мен жалпы ауданы 564 м² болатын модульді ғимараттың құрылысы аяқталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Өндірістік ангарлар электр қуатымен, жылыту және желдету жүйелерімен, бейнебақылау жүйесімен, өртке қарсы және күзет дабыл жүйелерімен жабдықталған, сондай-ақ санитарлық тораптар мен душ бөлмелері қарастырылған. Бұдан бөлек, әр бөлмеге металл шкафтар мен сөрелер орнатылған.

Бір қабатты контейнерлік үлгідегі модульді ғимарат – әкімшілік нысан болып табылады, онда кітапхана, кабинеттер, монша, шаштараз, киім ілетін бөлме және сотталғандарға арналған санитарлық тораптар орналасқан.

Сотталғандарды еңбекпен қамту мақсатында қазіргі таңда 8 жеке кәсіпкермен 200 сотталғанды жұмысқа қабылдау туралы келісім жасалды.
Ірі өнеркәсіптік өңірдің әлеуетін ескере отырып, әлеуетті жұмыс берушілерді тарту жұмысы жергілікті атқарушы органмен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп жалғасын табуда.