Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Жылыойда газ бағасы үш есе қымбаттай ма?

Келер жылы Жылыой ауданында газ бағасы шамамен үш есеге дейін өсуі мүмкін. Бұл мәселе «Жылыойгаз» ЖШС ұйымдастырған 2026–2030 жылдарға арналған табиғи газды тарату желілері арқылы тасымалдау тарифінің шекті деңгейін бекіту жөніндегі ашық қоғамдық тыңдауда көтерілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Жиында компания өкілдері 2020 жылдан бері өзгермеген қолданыстағы тарифті қайта қарауды ұсынды. Қазір аудан бойынша тауарлық газды тасымалдау құны 1000 текше метрге 2534,34 теңгені құрайды, ал жаңа есеп бойынша ол 8244,51 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Атырау облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Арман Өтегеновтың айтуынша, бағаның өсуі тек табыс арттыру мақсатында емес, сонымен қатар желілерді жаңғырту мен қызмет көрсету шығындарын өтеуге бағытталған.

«Департаментке алдағы бес жылдық кезеңге арналған тариф жобасы келіп түсті. Қолданыстағы кезең биыл аяқталады. Мораторийге сәйкес, тариф 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өспейді. Жаңа тариф осы мерзімнен кейін енгізіледі, алайда оның нақты мөлшері әзірге белгісіз», — деді Арман Өтегенов.

Ұсынылған деректерге сәйкес, тариф бекітілген жағдайда «Жылыойгаз» ЖШС қызметкерлерінің орташа жалақысы 223 390 теңгеден 373 933 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

Алайда аудан тұрғындары бағаның күрт өсуіне наразылық білдірді. Солардың бірі — Жылыой аудандық мәслихатының төрағасы Қанат Мыңбаев, ол мұндай өзгеріс қарапайым халық үшін ауыр соққы болатынын айтты.

«Қазір кәсіпорын арқылы инвестиция тартуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ төмен пайызбен несие беретін банктер де бар. Сол арқылы жөндеу немесе жаңарту жұмыстарын жүргізуге болады. Ал тарифті 2500 теңгеден 8200 теңгеге көтеру — халықтың қалтасына салмақ салады. Президенттің тапсырмасымен Үкімет 1 сәуірге дейін коммуналдық тарифтерді көтермеу туралы шешім қабылдады. Сондықтан мен бұл тарифтің өсуіне қарсымын», — деді ол.

«Жылыойгаз» ЖШС директоры Әлішер Мұхитовтың айтуынша, бұл әзірге тек ұсыныс пен пікір деңгейінде. Газ бағасын көтеру туралы нақты шешім қараша айының соңында қабылданады.

Әлия ЖАМИТОВА

Фото: ru.freepik.com