Атыраудағы УИС-15 ерлер колониясы аумағында кәсіпкерлерге өз өндірісін ашуға мүмкіндік беріліп отыр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Мекеме аумағында жалпы ауданы 880 шаршы метр болатын екі ангар салынды. Олар шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етілген.
Әр кеңсенің ауданы – 64 шаршы метр, жалдау ақысы – әр шаршы метрі үшін 500 теңге. Жұмысшыларға арналған душ, ыстық су және тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған.
Кәсіпкерлер өндірісте сотталғандарды ең төменгі жалақымен жұмысқа тартуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, колония аумағында бизнес ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау мен субсидиялар қарастырылған.
Бүгінде бірқатар жобалар жүзеге асып үлгерді: ағаш және былғары бұйымдарын өндіретін шеберханалар жұмыс істейді. Сотталғандар жер үстелі, былғары сөмке және ағаш негізінде жасалған креслоларды өз қолымен дайындап жатыр.
Әлия ЖАМИТОВА