Атырауда «контентке» бола жаяу жүргіншілер өткелінде жатқан екі қыз әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
5 қарашаға қараған түні Атырау қаласында 18 және 21 жастағы екі қыз жаяу жүргіншілер өткеліне әдейі жатып, көлік қозғалысын бөгеп, бұл әрекеттерін видеоға түсірген.
Полиция қызметкерлері олардың жеке басын анықтап, бөлімшеге жеткізді. Тексеру нәтижесінде аталған әрекеттер жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу ретінде бағаланып, екі азаматша да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Атырау облысы полиция департаменті ескертеді: «лайк» пен «контент» үшін жасалған мұндай «шоу» жол қозғалысына қатысушылардың өміріне тікелей қауіп төндіреді. Бұл — ойын немесе көңіл көтеру емес, заңға қайшы әрекет, ол үшін жауапкершілік көзделген.
Полиция жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптары барлық жағдайларда сақталуы тиіс екенін еске салады. Жол ережелері мен қоғамдық тәртіпті бұзған әрбір азамат заң алдында жауапқа тартылады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ашық дереккөз