10 қараша күні Атырауда JasUp білім беру жобасының 8-маусымының сабақтары басталады. Мұнда мектеп оқушылары мен студенттер робототехника, бағдарламалау, 3D-модельдеу және STEM бағытындағы өзге де салаларды тегін үйрене алады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырауда жастардың техникалық және инженерлік ойлау қабілетін дамытуға бағытталған JasUp жобасы жалғасуда. Қазіргі таңда 8-маусымға арналған тегін курстарға тіркелу ашық. Оған 12 мен 24 жас аралығындағы оқушылар, студенттер және жастар қатыса алады.
Қатысушыларды төмендегі сегіз бағыт бойынша тәжірибелік сабақтар күтеді:
• Arduino негізіндегі робототехника,
• Python тілінде бағдарламалау,
• Backend-даму (жаңа бағыт!),
• Веб-даму (HTML, CSS, JavaScript),
• Blender бағдарламасында 3D-модельдеу және 3D-басып шығару,
• 2D/3D-модельдеу және лазерлік кесу,
• Қолданбалы математика және физика,
• Жобаларды басқару.
«Біз жастардың қызығушылығының қалай өзгеріп жатқанын байқаймыз — олар тек оқып қана қоймай, жасап көруді, тәжірибе жинауды, білімін іс жүзінде қолдануды қалайды. JasUp жобасы олардың әлеуетін ашуға және болашақ мамандығына қажет нақты дағдыларды игеруіне мүмкіндік береді», — дейді жоба жетекшісі Асқар Алдан.
Жоба «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, KazRobotics федерациясының Атырау филиалы, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Жылыой жас техниктер станциясы және Teren Oi даму орталығы серіктес ретінде қолдау көрсетіп отыр.
Сабақтардың басталуы: 10 қараша
Мекенжай: Атырау қ., Әліпова көшесі, 2а, Teren Oi
Тіркелу сілтемесі: https://forms.gle/kKMoc8aksmVCeHjT9
Алия ЖАМИТОВА