№4 Атырау қалалық емханасының участкелік мейірбикелері — Сырлыбаева Айымгүл мен Бахреденова Жастілек прогрессивті патронаж моделі аясында жаңа туған, небәрі 6 күндік нәрестенің үйіне жоспарлы тексеріс жүргізу мақсатында барды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, қарау барысында медицина қызметкерлері нәрестенің жағдайының күрт нашарлағанын бірден анықтады. Атап айтқанда, балада көгеру (цианоз), ентігу және тұншығу белгілері байқалған. Қауіптің әр секундқа созылатынын терең түсінген мейірбикелер бір сәт те кідірместен шұғыл түрде жедел медициналық көмек көрсетті.
Кәсіби даярлығы мен нақты әрекет алгоритмін толық меңгерген медицина қызметкерлері Геймлих әдісін қолдану арқылы нәрестенің тыныс жолдарын босатып, нәтижесінде бала шырышты қақырық құсып, өздігінен тыныс алу белгілері қайта қалпына келді.
Оқиға орнынан дереу жедел жәрдем бригадасы шақырылып, нәресте әрі қарай мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін Атырау облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты.
Бұл жағдай — алғашқы медициналық-санитариялық көмектің, прогрессивті патронаж жүйесінің және медицина қызметкерлерінің жоғары кәсіби дайындығының нақты нәтижесі. Адам өмірін сақтап қалуда білім, тәжірибе және жауапкершілік шешуші рөл атқаратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ