Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда заңсыз алкоголь мен мұнай өнімі анықталды

Атырау облысында заңсыз айналымнан 30 мың литр алкоголь мен 10 мың тоннаға жуық мұнай өнімі анықталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Атырау облысында акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымының алдын алу шаралары күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Айбек Бахтияров мәлімдеді.

Рейдтік тексерістер және камералдық бақылау нәтижесімен жыл басынан бері заңсыз 30 635 литр алкоголь өнімі, 9 714 тонна мұнай өнімдері және 187 819 қорап темекі анықталды. Спикердің сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. 

– Бұл тауарларды тасымалдау немесе сату кезінде міндетті түрде тауарларға ілеспе жүкқұжат (ТІЖ) рәсімделуі тиіс. Жүйе тауардың қайдан шыққанын және қайда жеткізілгенін нақты көруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде заңсыз тасымалдау мен көлеңкелі айналым азаяды, – деді А.Бахтияров.

Тауарларға ілеспе жүкқұжат электронды форматта толтырылады және тауар жөнелтілген сәттен бастап дереу тіркелуі қажет. Ал бөлшек саудамен айналысатын немесе жанармай құю станцияларындағы сатылымдарға бұл талап қолданылмайды.

– Кей кәсіпкерлер құжатты толтыру кезінде деректерді дұрыс енгізбейді немесе уақытында тіркемей жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін департамент түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді, – деді бөлім басшысы.

Аймақ бойынша мемлекеттік кірістер органдары акцизделетін өнімдер айналымын заңды жүргізуге, ал кәсіпкерлерге жұмысты ашық әрі ыңғайлы етуге басымдық беріп отыр.

Фото: ru.freepik.com