Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Жаңадан өмір бастаған атыраулықтың оқиғасы елді сүйсінтті!

2021 жылдан бері «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры «Тиімді оңалту» жобасын жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Жобаның мақсаты жұлын жарақатын алған адамдарды, инсульттан кейінгі науқастарды, церебральды сал ауруы ЦП) бар және мүгедектер арбасында қозғалатын адамдарды белсенді өмір сүруге үйрету, олардың әлеуметтенуін қамтамасыз ету, спорттық және шығармашылық әлеуетін ашу. Осы уақыт аралығында жоба көптеген қатысушылардың өмірін түбегейлі өзгертті: мұнда мүгедектігі бар адамдар тәуелсіз, белсенді өмір сүруге үйренуде. Жоба басталғалы мүгедектер арбасындағы адамдарды тиімді оңалту бойынша авторлық әдістеме әзірленіп, жарияланды. Мүгедектігі бар жүздеген адам тиімді оңалту спорт лагерінен өтіп, арбада белсенді өмір сүруді үйренді. Жергілікті мүгедектігі бар жандар "нұсқаушы-реабилитолог" мамандығын алғаны туралы халықаралық үлгідегі сертификаттар алды. Жыл бойы жүзу, ЛФК және адаптивті фитнес бойынша тегін үйірмелер, психолог кабинеті, логопед кабинеті жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдарды сүйемелдеу бойынша семинарлар бүкіл Атырау облысында өтеді.

Бүгінгі кейіпкеріміз Дәурен Жәрдемов алғаш рет жобаға қатысушы болып келді. Бірақ екі жыл бойы осы жобаның бірегей бағдарламасы бойынша оқып, біліктілігін арттырып, бүгінде реабилитация инструкторы атанды. Қазір ол спорт, шығармашылық және кәсіпкерлік салаларында өзін сынап, жаңа белестерді бағындырып жүр. 

Дәурен Жәрдемов: мүгедектік - үкім емес

Адам тағдырын бір сәтте өзгертіп жіберетін сынақтар болады. Бұл сынақтар біреуді сындырады, біреуді шыңдайды. Ал бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Дәурен Жардемов үшін өміріндегі ауыр жол апаты – жаңа өмірдің, жаңа мүмкіндіктердің бастамасы болды.

Исатай ауданының Жанбай ауылында дүниеге келген Дәурен – отбасындағы бес баланың үлкен ұлы. Жастайынан жылқы бағып, ауыл тіршілігінің ортасында өскен ол малға деген ерекше махаббаты болған. Арманы – шаруашылық ашу, мал санын көбейтіп, өз кәсібін дамыту болатын. Ветеринар мамандығын меңгеріп, арманына қарай нық қадам басып келе жатқан шағында тағдыр оның бұл жоспарын күрт өзгертіп жіберді.

•⁠  ⁠Мен 2021 жылы жол апатына түсіп, мойын омыртқа жарақатын алдым. Басында қойылған диагнозға уақытша болар деп мән бермедім. “Жазылып кетемін” деген сеніммен жүрдім. Ең қиын кез тұра алмайтынымды түсінген кез болды. Аяғымды қозғай алмай 15 күн ауруханада жату азап болды. 25 жасыма дейін ауруханаға жатпаппын. Көзге жас алған түндер көп болды. Бірақ үміт ешқашан үзілмейді. Өзімді бастысы тірімін деп жұбаттым. Мен өлген жоқпын, соған қуанамын. Отбасым, достарым, таныстарым – бәрі мені қолдады. Құрдастарым мен өзіме келгенше қайда барсам да жанымда болды. Менімен бірге үйімде қонып, бірге тұрған достарым бар. Әлі күнге дейін жанымда. Осы жандардың әр қайсына шексіз ризамын.

Жаңадан басталған өмір

Жарақат Дәуреннің армандарын, болашақтағы өмірі туралы жоспарларын түбегейлі өзгертсе де, ол мойымай, жаңа мүмкіндіктер іздеді. Апаттан кейін ол көп ұзамай «Біз де адамбыз» қоғамдық қорына келді. Арбада емін-еркін өмір сүретін мүгедектігі бар жандардан құралған бұл орта оған өз-өзін қабылдауға, қоғамға бейімделуге, өмірге қайта оралуға үлкен серпін берген. 

•⁠  ⁠Бұл жобаға үлкен қызығушылықпен келдім. Бір рет қатысып, кейін ота жасатуға жол жүрдім. Бір жылдан соң жобаға кері келіп, тұрақты қатысушы болдым. Осы жерде өмірге деген көзқарасым өзгерді, өзімді қабылдай бастадым. Ең ұнаған тұсы – барлық инструкторлардың өздері арбамен жүрді. Соларды үлгі көріп, арбада отырып, ешкімге тәуелді болмай, өз-өзіме қызмет етуге болатынына көз жеткіздім. Осы жобада күнделікті тұрмыста қажетті киініп, тамақ пісіру, жолдағы кедергілерден өту сияқты дағдыларға дейін үйрендім. Уақыт өте келе инструкторлардың жұмысы қызықтыра бастады. Командаға қосылғым келді. Жобада қатысушылар екі жылдық оқудан өтіп, үздіктері реабилитациябойынша инструктор бола алады деген ақпарат алдым. Оқудан өтіп, қажетті тапсырмаларды орындап, халықаралық стандартқа сай сертификат алдым. Осыған шексіз қуандым. Қазір «Біз де адамбыз» қорының бір мүшесімін. Мен де тағдырлас жандарға барынша көмек көрсетемін. Лагерьде реабилитациялық жұмыстар жүргіземіз, сонымен қатар жаңадан арбаға таңылған жандарға психологиялық қолдау көрсету үшін облыстық аурухана мен реабилитациялық орталыққа әріптестеріммен бірге кездесулер өткіземіз. Биыл Беларусь елінде, Минск қаласында реабилитация бойынша тәжірибе алмасуда болдық. Бұл да жоба берген мүмкіндік деп білемін. Осы үшін «Біз де адамбыз» қорына, «Теңізшевройл» компаниясына шын жүректен алғыс айтамын.

Сахнада өнер көрсету: бала күнгі арман

2024 жылы «Біз де адамбыз» қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен «Талшын» инклюзивті театрын ашты. Алғашқы қойылымнан бастап шынайы ойынымен Дәурен көрермен жүрегіне жол тауып, сахнада мінезі әртүрлі кейіпкерлерді үлкен шеберлікпен көрсетіп келеді. 

•⁠  ⁠Театр ашылғанда өз еркіммен сахнаға шыққым келді. Сахна бала күнгі арманым. Мектепте ән айтып, сыныптың әншісі болғанмын. Сахна маған ерекше күш береді, психологиялық демалыс сыйлайды. Сахна өсіреді, адамға ерекше рух береді. Мен үшін ең ыстық, ең өзгеше рөлім - «Бір түп алма ағашы» қойылымындағы отбасының кенжесі Мақсаттың рөлі. Содан бері комедия да, драма жанры да болды, бірақ осы Мақсаттың орнын басарлық рөл әзірге кездеспеді. 

Параспорт – жаңа биіктердің бастауы

Қордың шараларында Дәурен инклюзивтіспорттың түрлі салаларында жетістіктерге жеткен жандармен танысады. Бұл оның параспортқакелуіне түрткі болады. 

•⁠  ⁠Спорт мені шыдамдылыққа, денемді тік ұстауға үйретті. Алдымыздағы ағалардың жеңістерін көріп, солардан шабыт алдым. Өзім бала күнімнен Жанбайдың суынд еркін жүзген болғандықтан, пара жүзуді таңдадым. Осы спортты енді бастаған кезімде алғашқы жарысқа алып барды. Өте қиын болды. Бірақ содан бері тәжірибе жинап, биыл Қазақстан Республикасының пара спортшылары арасында өткен VII Спартакиадасында 3 орын жүлдегері атандым. Бұл — ең ыстық жеңісім. Әлі де белестерді бағындырсам ба деп армандаймын. 

Кәсіпкерлікке қадам

Өзін-өзі дамытуды тоқтатпайтын Дәурен бизнеске де қадам басқан. «Өзіме өзімді дәлелдегім келді» дейді ол. Әрине, бастапқы кезең оңай болмаған: командамен жұмыс, серіктестік, жауапкершілік – бәрінің өз салмағы барын түсінген. Бірақ еңбек тері ақталып, бүгінгі бастаған кәсібі дамып келеді. 

•⁠  ⁠Бір орында тұрып қалудан қорқамын. Алға қарай жүруге тырмысып, ең біріншіден өзіме қолымнан кәсіпті дөңгелету келетінін дәлелдегім келіп, бизнес бастамақшы болдым. Жастардың, соның ішінде ер адамдардың арасында сұранысқа ие барбершоп «Kingsman» (@kingsman_barbershop_atyrau) аштым, яғни шаштараз бағытында бақ сынап жүрмін. Келем деушілерге әрдайым қуаныштымыз. Кәсіпкерлік – адамды өсіреді, табысқа жетелейді, мүмкіндіктер ашады. 

Бүгінгі Дәурен – спортшы, инклюзивті театр актері, кәсіпкер, инструктор және ең бастысы – өмірді шексіз қадірлейтін адам. Дәуреннің еңсесін түсірмей, ел алдында биік болуға бағытталған жолы – талай жанға мотивация. 

Ал болашақ жоспарлары жайлы ол көп айтқысы келмейді: «Арманды орындалмай тұрып жария қылғым келмейді. Уақыт өзі көрсетеді» дейді.