Атырау облысында экологиялық тәрбие мен табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асуда. «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық бағдарламасы аясында өңірде 8 мекеме «Жасыл балабақша» бағытымен жұмыс істейді, 4 мектепте жылыжай бар. Сондай-ақ 200-ден астам экоклуб құрылып, 19 мыңнан астам оқушы белсенді қатысуда,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
11 мың ата-ана мен 6 мың педагогтің қатысуымен 681 экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Бұдан бөлек 5 мың бала қатысатын жас натуралистер мен жас туристер станциялары, 25 мыңнан астам оқушы волонтерлік бастамалар арқылы табиғатты қорғауға өз үлесін қосып жүр.
– 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған. Осы бастама аясында №27 «Ақбота» балабақшасында бүлдіршіндерге табиғатты аялау мен тазалық сақтау дағдылары үйретілуде. Балабақшадағы жылыжайда балалар гүл мен көкөніс өсіріп, табиғатты қорғауға өз үлесін қосып жүр, – деді мекеме басшысы Гүлден Юсупова.
Қазір облыс оқушыларының 55 пайызы, яғни, 83 мыңға жуық бала түрлі үйірмеге қатысады. Биыл мыңға жуық оқушы «Табиғатты аяла» форумы мен экологиялық байқауларға қатысып, атыраулық шәкірттің «Суды үнемде, болашақты сақта!» атты суреті республикалық «Таза Қазақстан» фестивалінде жоғары бағаға ие болды.
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ