Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда автосалоннан зардап шеккендер көліктерін қайтаруды сұрады

Бүгін Атырау облыстық прокуратура ғимаратының алдында «Абырой Авто» автосалонының қызметінен зардап шеккен ондаған тұрғын жиналды. Олар өздерінің көліктерінсіз қалғандарын айтты. Қазір бұл көліктер айыппұл тұрағында тұр. Кейбірі көлікті толық құнын төлеп сатып алған, ал енді бірі несие рәсімдеген. Енді бірнеше айдан бері олар жұмысқа жаяу барып, қиындық көріп жүр, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Жиналғандардың айтуынша, мәселе тамыз айынан бері шешілмей келеді, алайда сот процесі әлі аяқталған жоқ. Азаматтар сот шешімі шыққанға дейін көліктерін сақтауға қолхат жазу арқылы уақытша қайтарып беруді сұрайды.

— Біз сотты тоқтатуды сұрап тұрған жоқпыз. Тек көліктерімізді уақытша қайтарып беруді өтінеміз. Себебі тамыздан бері жаяу жүрміз, шығын көріп отырмыз. Көпшілігіміз — отбасындағы жалғыз асыраушымыз, — дейді жиналысқа қатысушылар.

Зардап шеккендердің құқығын қорғауға қоғамдық белсенді Нұрлан Жунасов та шықты. Ол автосалонның әрекеттері мен уәкілетті органдардың әрекетсіздігі — бизнестің бақылаусыз жұмыс істеуі мен азаматтардың қорғалмағандығынан туындаған жүйелі мәселе екенін айтты.

— Адамдар көлікті нарықтық бағамен сатып алды, ал қазір олар оны пайдалана алмай отыр. Бірі қарызға кірді, бірі соңғы қаржысынан айырылды. Біз әділдік пен мемлекет тарапынан жедел әрекет етуді талап етеміз, — деді Жунасов.

Зардап шеккендер құқық қорғау және қадағалау органдарын араласып, тергеу аяқталғанға дейін көліктерін уақытша қайтарып беруге мүмкіндік жасауға шақырды.

Лия НҰРТАЙ