Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда көкпардан облыстық турнир өтті

Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған додада бес ауданнан келген командалар бақ сынады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Көкпар күштілік мен мықтылықты сынайтын спорт болғандықтан көкпаршылардың дайындығы осы додада білінді. Әр командадағы 8-12 көкпаршы 30-33 келі серкені көтеріп қана қоймай, аттың құлағында ойнап, ептілігін дәлелдеді.

Жеңімпаздар 1–9 мамыр аралығында Алматы облысында өтетін республикалық чемпионатқа жолдама алады. Сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары да жоспарланған. Облыстық жарыстар спортшыларға өз мүмкіндігін көрсетіп, келесі деңгейге шығуға жол ашады. Алдағы уақытта мұндай турнирлерді жыл сайын өткізу көзделіп отыр. Турнир жеңімпаздарына ақшалай сыйлықтар қарастырылды. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов көкпарға арнайы қатысып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан командаларды марапаттады.

Атап айтсақ, бірінші орынды иеленген “Арғымақ” көкпар командасы 500 мың теңге алса, екінші орын жүлдегері “Сағыз” командасына 400 мың теңге берілді. Ал үшінші орынға ие болған “Бесікті” командасы 300 мың теңгені қанжығасына байлады. Ал, төртінші орынға табан тіреген командаға 200 мың теңге, бесінші орынға 100 мың теңге бәйге тігілді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ