Мас күйінде болған Атырау тұрғыны полицейге тіл тигізіп, айыппұл арқалады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі (бейәдеп сөздер айту және полиция қызметкеріне құрметсіздік көрсету) бойынша азаматша Л.-ға қатысты іс қаралды.
2026 жылғы 31 наурызда Л. алкогольдік мас күйінде бола отырып, полиция қызметкерін балағаттаған. Оның кінәсі хаттама, бейнежазба және куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденген.
ҚР ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігі 30 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алуды қарастырады.
Сот Л.-ға 30 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл тағайындады. Алайда оның материалдық жағдайы мен кәмелетке толмаған баласының бар екенін ескере отырып, айыппұл мөлшері 30%-ға қысқартылып, 90 825 теңгені құрады.
Сот қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.