Атырауда полицейлер мопед жүргізушілеріне бақылауды күшейтуді жалғастыруда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Кезекті рейдке жол үстінде қауіпті трюктер жасаған екі кәмелетке толмаған жасөспірім себеп болды. Олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жыл басынан бері қалада мопед жүргізушілері тарапынан жасалған 125 құқық бұзушылық анықталып, 140-тан астам әкімшілік хаттама толтырылған. Полиция мәліметінше, 58 адам мопедті жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Ал тағы 41 жүргізуші мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз немесе тіркелмеген көлік құралын пайдаланған. Сонымен қатар, 120-ға жуық мопед мамандандырылған айып тұрағына қойылған.
Биылғы жылдың басынан бері Атырауда мопедтердің қатысуымен 40 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 20 адам жарақат алған.
Полиция мопед иелерін көлік құралдарын уақытылы тіркеуге, жүргізуші куәлігін алуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.
