Қамыскөл ауылы маңындағы өзенге алғаш рет лотос көшеттері жіберілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысының Жылыой ауданында алғаш рет табиғи ортада лотос гүлін өсіруге талпыныс жасалды. Қамыскөл ауылы маңындағы өзенге лотос өсімдігінің жас көшеттері жіберілді. Жоба бастамашылары олардың жерсініп, уақыт өте келе көбейеді деп үміттенеді.
Бұл бастаманың авторы – Жылыой ауданының тұрғыны, бірнеше жылдан бері бағбандықпен айналысып жүрген Гүлшат Мусиева. Ол әуелі лотосты үй жағдайында өсіріп, кейін жас өскіндерді табиғи су айдынына көшірген.
Гүлшат Мусиеваның айтуынша, егер табиғи орта қолайлы болса, көшеттер суда жақсы өсіп, уақыт өте келе лотостардың тұтас алқабын қалыптастыруы мүмкін.
Егер бұл тәжірибе сәтті жүзеге асса, болашақта Жылыой ауданының тұрғындары мен қонақтары лотостың әсем гүлдеуін тамашалау үшін Қиғаш өзеніне бармай-ақ, Қамыскөл маңынан да көре алады. Қазіргі таңда Қиғаш өзені – лотос табиғи түрде өсетін сирек орындардың бірі саналады.
