Атырауда ер адам есірткі қолданғаны және бұзақылық жасағаны үшін 30 тәулікке қамалды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотында азамат К.-ға қатысты іс қаралды. Ол есірткі заттарын медициналық мақсатсыз қолданды және ұсақ бұзақылық жасады деп айыпталған.
Соттың анықтауынша, 2026 жылғы 8 наурызда Азаттық даңғылында ер адамды полиция қызметкерлері ұстаған. Тексеру барысында оның PVP (альфа-пирролидинопентиофенон) және ТРМ (тропикамид метаболиттері) атты есірткі заттарын медициналық көрсетілімсіз қолданғаны белгілі болған.
Сонымен қатар, ер адам жыл ішінде әкімшілік жазаға тартылғанына қарамастан, Атырау облыстық ауруханасында болып, айналасындағыларға құрметсіздік танытып, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған.
Құқық бұзушының кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалармен, куәгерлердің айғақтарымен, медициналық куәландыру қорытындысымен және бейнежазбамен дәлелденді.
Сот шешімімен ер адам Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 440-1-бабы 1-бөлігі және 434-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды.
Оған 30 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.