Атыраулық студент қыздың Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің жатақханасында соққыға жығылғаны туралы мәлім болды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау қаласының тұрғыны, студент Дархан Әзель 2025 жылғы 17 желтоқсанда Алматыдағы университеттердің бірінің жатақханасында өзіне қатыгездікпен шабуыл жасалғанын мәлімдеді. Қыз оқиғаның мән-жайын жариялап, әділ тексеру жүргізуді сұрады.
Студенттің айтуынша, оны сөйлесеміз деген сылтаумен жатақхана бөлмесіне шақырған. Кейін сол жерде оған топ болып шабуыл жасалған. Өз үндеуінде ол жанжалға қатысушылардың бірі ұзақ уақыт бойы оны ұрып-соғып, тұншықтырып, шашынан тартып, қорлап, кешірім сұрауға мәжбүрлегенін айтқан.
Сондай-ақ, жәбірленушінің сөзінше, бөлмеде болған өзге адамдар есікті ұстап тұрып, болған оқиғаны видеоға түсірген. Соның салдарынан ол бөлмеден өз бетімен шығып, көмек сұрай алмаған.
Дархан Әзельдің айтуынша, басқа адамдар мен жатақхана қызметкерлерінің назарын аударғаннан кейін ғана жағдай тоқтаған. Қыз табылған кезде оның физикалық әрі эмоционалдық жағдайы ауыр болған.
«Мен дұрыс сөйлей де, жүре де алмадым. Еденде шаштарым шашылып жатты», — делінген үндеуде.
Оқиғадан кейін студент қызға жедел жәрдем шақырылып, кейін ауруханаға жеткізілген.
«Atyrau Today» редакциясы бұл жағдайға байланысты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне ресми түсініктеме сұрап, жауап күтуде.
