Түнгі тыныштықты сақтау - ортақ жауапкершілік. Сағат 22:00-ден кейін қатты музыка қою, шу шығару және азаматтардың тыныштығын бұзу заң талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысында жыл басынан бері түнгі тыныштықты бұзудың 2 656 дерегі тіркелді. Оның ішінде 57 жағдайда тұлғалардың түнгі тыныштықты бұза отырып, көлік құралын басқарғаны анықталды.
Сонымен қатар, 1 тәулік ішінде полиция қызметкерлері түнгі уақытта тыныштықты бұзудың 18 дерегін анықтады.
Мәселен, 2 қазанға қараған түні сағат 00:20 шамасында Авангард-2 шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде 1991 ж.т. әйел түнгі уақытта қатты музыка қойып, айналадағы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Осыған ұқсас оқиға сағат 02:55 шамасында Исатай Тайманов көшесіндегі пәтерлердің бірінде орын алған. 2006 ж.т. ер адам түнгі тыныштықты бұзып, шу көтерген. Аталған деректер бойынша тұрғындарға қатысты әкімшілік шара қабылданды.
Полиция азаматтарды түнгі уақытта тыныштықты сақтауға, көршілердің демалуына кедергі келтіретін әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Егер түнгі уақытта тыныштықтың бұзылғанына куә болсаңыз, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлауға болады.

