Атырау облысында шомылу маусымы басталғалы бері суға кетудің бес дерегі тіркелді. Ал жыл басынан бері барлығы алты адам суға батып көз жұмған, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері жағажайларда бақылауды күшейтіп, профилактикалық рейд өткізді. Тексеру барысында тыйым салынған жерлерде шомылған үш тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері жабдықталмаған су айдындарында шомылғаны үшін 272 адамға айыппұл салынған.
ТЖД мәліметінше, өңірде күн сайын құтқарушылар мен полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топтар кезекшілік атқарады. Тек Атырау қаласының өзінде жағалау қауіпсіздігін таңғы сағат 10:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жеті мобильді топ пен 77 қызметкер қамтамасыз етеді.
Құтқарушылар тұрғындарды тек ресми жағажайларда демалуға, тыйым салынған орындарда суға түспеуге және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды. Профилактикалық рейдтер шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады.
