Әлеуметтік желілерде көшеде пышақ ұстап жүрген ер адам туралы ақпарат тарады. Полиция оның жеке басын анықтап, тиісті шаралар қабылдады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырауда әлеуметтік желілерде Балықшы шағын ауданында болуы мүмкін қауіпті жағдай туралы хабарлама тарады. Куәгерлердің айтуынша, Ахмедияров көшесіндегі №14 үйдің маңында пышақ ұстаған ер адам байқалған.
«Пышақ ұстаған ер адам жүр, жанында балалар бар. Бұл қауіпті» делінген жазбада.
Аталған жағдайға құқық қорғау органдары дереу әрекет етті. Полицияның хабарлауынша, ер адамның жеке басы анықталған – ол 1991 жылы туған, жергілікті тұрғын, есепте тұрған азамат.
Айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін ескере отырып, ол облыстық психикалық денсаулық орталығына жеткізіліп, орналастырылды.
Амандық АБДОЛ