Герда есімді ит күрекпен қатты соққыға жығылғаннан кейін есін жиып келеді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Шамамен бір апта бұрын Атырауда мас күйдегі иесі Герда атты стаффордширлік терьерді күрекпен ұрып-соққан. Көршілер бұл жағдайды видеоға түсіріп, итті құтқарып қалған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жалғасуда.
Қазір Герданың жағдайы жақсарып келеді: ойнақшыл, мейірімді, тәттілерді жақсы жейді. Жануар паразиттерден өңделіп, вакцинацияға дайындалып жатыр, емдеу мен оңалту жұмыстары жалғасуда.
«Герда біртіндеп өз-өзіне келіп жатыр. Жақын арада толық жазылып, өзіне қамқор, сүйікті отбасы табады деп үміттенеміз. Біз болса, көмектесетін ешкімі жоқ жануарларды құтқарып, емдеуді жалғастырамыз» дейді «Доброе сердце» еріктісі Мамучар Джабасов.