Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы балалар ауруханасында 16 жастағы оқушы қыздың қайтыс болуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасы қайтыс болған пациенттің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Ведомствоның мәліметінше, жасалған операция хирургиялық тұрғыдан күрделі санатқа жататын және жоғары дәлдікті талап еткен. Медициналық тәжірибеде асқыну қаупін толықтай жоққа шығару мүмкін емес.
«Операциядан кейін пациенттің жағдайы күрт нашарлауына байланысты медициналық ұйым шұғыл және қарқынды емдеу шараларын толық көлемде жүргізді. Сонымен қатар тиісті бейінді мамандар мен республикалық деңгейдегі сарапшылардың консультациялары ұйымдастырылды», — деп атап өтті баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта белгілі болғаны:
▪️ Жан-жақты тексеру жүргізіліп жатыр: көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен уақтылығы, сондай-ақ туындаған асқынулардың себептері зерттелуде.
▪️ Құжаттарды талдауға тәуелсіз бейінді сарапшылар тартылады.
▪️ Облыстық денсаулық сақтау басқармасы барлық сараптама аяқталмай тұрып, негізсіз және асығыс қорытынды жасауға болмайтынын атап өтті.
Жағдай басқарманың бақылауында. Барлық қажетті материалдар құқық қорғау және уәкілетті органдарға тапсырылды.
Медициналық мәліметтер дәрігерлік құпия туралы заң талаптарына сәйкес жарияланбайды.