Атырау қаласында 9-сынып оқушысы 8-сынып оқушысын пышақпен жаралады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
13 наурыз күні Атыраудағы мектептердің бірінде 8-сынып оқушысы жарақат алды. Оқиға орнына жедел түрде жедел жәрдем қызметі мен полиция қызметкерлері келді. Зардап шеккен қыз облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, оған өткір затпен жарақатты 9-сынып оқушысы салған. Күдікті ұсталып, ата-анасымен бірге полиция бөліміне жеткізілді. Барлық процессуалдық әрекеттер оның заңды өкілдерінің қатысуымен жүргізілуде.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері қажетті тергеу амалдарын жүргізіп, болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Сондай-ақ жасөспірімнің ата-анасы баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жария етілмейді.