Атыраулық суретші BBC арнасының назарына ілікті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Көлікке балшықпен сурет салған атыраулық Асылан Жазықовтың ерекше туындылары әлеуметтік желіде кеңінен тараған. Ол арнайы құралдарды пайдаланбай, тек балшық, сіріңке, мақта таяқшасының көмегімен көлікке түрлі сурет салады. Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Асылан шығармашылығын 2016 жылы бастаған. Кейін көлігін сатып, бұл өнермен айналысуды бес жылға жуық уақытқа тоқтатқан. 2024 жылы шығармашылығына қайта оралып, көлікке балшықпен сурет салуды жалғастырған.
– Атырауда жауын-шашын сирек болғандықтан, кейде балшықты өзім дайындап, көлікке сурет саламын. Арнайы құралдарды пайдаланбайтындықтан, суретте кішкентай қате кетсе де, бәрін өшіріп, қайта бастаймын, – деді ол.
Суретшінің туындыларынан өнер адамдары, спортшылар мен БАҚ өкілдерінің бейнесін көруге болады.
– Жұмыстарым алғаш Twitter әлеуметтік желісінде тарады. Кейін шығармашылығым шетелде де танылып, BBC арнасының назарына ілікті, – деді суретші.
Атыраулық өнерпаздың ерекше еңбегіне Руслан Өтепбай, Alham, Дариға Бадықова, Олжас Абай сынды медиа және өнер саласының өкілдері де назар аударып, өз бағасын беріп, алғыстарын білдірген.

