Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда 200-ге жуық ескерткіш қорғауға алынды

Атырау облысында тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі. 

Бүгінде өңірде 300-ден астам ескерткіш бар, алайда олардың көпшілігі қалпына келтіруді, қорғау аймақтарын белгілеуді және реставрациялық жұмыстарды қажет етеді. Бұл туралы брифингте облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаев мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Толыбай Достыбаевтың айтуынша, Атырау облысында жергілікті маңызы бар 313 тарихи-мәдени ескерткіш және республикалық маңызы бар 4 нысан тіркелген.

Республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына Сарайшық қалашығы, Индер ауданындағы Махамбет кесенесі, Жылыой ауданындағы Жұбан кесенесі және Атырау қаласындағы «Жилгородок» тұрғын үй кешені кіреді. «Жилгородок» кешенінің құрамына Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы, су мұнарасы, мұнара, Әуезов көшесіндегі №1–2 үйлер және Волгоград көшесіндегі №8–10 үйлер кіреді.

Жергілікті маңызы бар ескерткіштердің ең көбі Атырау қаласында — 23 нысан, Жылыой ауданында — 69, Индер ауданында — 35, Исатай ауданында — 8, Құрманғазы ауданында — 42, Қызылқоға ауданында — 98, Мақат ауданында — 9, Махамбет ауданында — 29 нысан орналасқан. Ескерткіштердің ең көп шоғырланған аймақтары — Қызылқоға мен Жылыой аудандары.

Бұған дейін өңірдегі 93 ескерткішке қорғау аймақтары белгіленген болатын. 2025 жылғы 23 қазандағы №228 облыс әкімінің қаулысына сәйкес бұл тізім тағы 87 нысанмен толықтырылды. Нәтижесінде қазіргі таңда 180 ескерткішке қорғау аймақтары бекітілді.

Келесі кезеңде ескерткіштер орналасқан жер учаскелерінің кадастрлық жоспарларын рәсімдеу көзделіп отыр. Орталық мамандары жыл сайын нысандарды тексеріп, қорытындысы бойынша есептер дайындап, қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тиісті органдарға ұсыныстар жолдайды.

— XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында салынған көпестердің тұрғын үйлері ерекше назар аударуды қажет етеді. Бұл ғимараттар қаланың тарихи келбетін қалыптастырып, мәдени мұраның маңызды бөлігі болып саналады. Осындай нысандардың бірі — Жарбосынов көшесі, 16 мекенжайындағы бұрын депутаттар кеңесі орналасқан ғимарат. Қазіргі уақытта бұл нысанды сенімгерлік басқаруға алуға кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жоқ. Осыған байланысты ғимаратты реставрациялау үшін ғылыми-жобалық құжаттама әзірлеу мүмкіндігі қарастырылуда.

Ескі қала аумағындағы ғимараттарға тарихи-мәдени сараптамалар жүргізілген. Оң қорытынды алған нысандарға ескерткіш мәртебесін беру үшін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің комиссиясына ұсыныстар жолданған.

Сондай-ақ зираттарды сақтау мәселесі де өзекті болып отыр. Қоршаулардың болмауына байланысты құлпытастардың бұзылуы мен бүліну жағдайлары жиілеген. Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін зираттарды қоршау, сондай-ақ сәулеттік құндылығы жоғары кейбір кесенелер мен мешіттерді қалпына келтіру қажеттігі туындап отыр, — деді Толыбай Достыбаев.

Аман ШАМАР

Фото: "AtyrauPress"