Атырау облысында ауыл тұрғындарына көрсетілетін алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Осы мақсатта Мемлекет басшысының ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасы аясында Құрманғазы ауданының Үштаған ауылында жаңа блокты-модульдік медициналық пункт пайдалануға берілді. Жаңа медициналық нысан – қысқа мерзімде тұрғызылған, заманауи талаптарға толық сай келетін автономды емдеу-профилактикалық мекеме. Ғимарат өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып салынған және -45°C-тан +45°C-қа дейінгі температуралық жағдайда үздіксіз қызмет көрсетуге бейімделген.
Медициналық пунктте тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Ғимаратта тіркеу бөлімі мен дәріхана пункті, орта медициналық персонал кабинеті, акушерлік қабылдау кабинеті, емшара және егу кабинеттері, биоматериалдарды алу және экспресс-зерттеулер жүргізу бөлмесі, қызметкерлерге арналған санитарлық торап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген санитарлық торап, сондай-ақ шаруашылық-тұрмыстық бөлмелер қарастырылған.
Медициналық пункт отандық және шетелдік өндірістегі заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, портативті 12 арналы электрокардиограф, гинекологиялық кресло, медициналық кушеткалар, қандағы қант пен холестерин деңгейін жедел анықтайтын экспресс-анализаторлар, зертханалық центрифуга, медициналық сорғыш, ауаны зарарсыздандыруға арналған аппарат, жөтелге қарсы кабина, фильтр-изолятор, реанимациялық АМБУ қапшығы және жедел медициналық көмек көрсетуге қажетті жабдықтар орнатылған. Сонымен қатар дәрілік заттар мен вакциналардың сапалы сақталуын қамтамасыз ететін арнайы шкафтар және температуралық бақылау жүйесімен жабдықталған медициналық тоңазытқыш қойылған.
Сәуле МАҒАУ
