Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов жалақы бойынша берешекті толық өтеуді және еңбек заңнамасының сақталуына бақылауды күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Тексеру нәтижесінде мәселенің ауқымы анықталды:
- 1 308 кәсіпорында 3 062 тіркелмеген еңбек шарты анықталды;
- 6 310 ұйым 34 022 қызметкер үшін зейнетақы жарналарын уақытылы аудармаған;
- «Марко», «Супер Марко» және «Марко Бейкери» атты үш компанияның 122 қызметкерге 43,9 млн теңге көлемінде жалақы бойынша қарызы бар.
2 қыркүйектегі жағдай бойынша жұмысшыларға 19,3 млн теңгеден астам қаржы төленді. Тағы 84 адамға шамамен 24,5 млн теңге төленуі тиіс. Компаниялар қарызды мүлікті сату есебінен қыркүйек айының соңына дейін өтеуге уәде берді.
Сонымен қатар, облыста зейнетке шыққан 91 педагогке тиесілі өтемақылар әлі төленбеген. Бұл мәселені шешу Білім басқармасына тапсырылды.
Оң динамика да бар. Еңбекке қабілетті 919 сотталған адамның 555-і, яғни 60,4%-ы ақылы жұмыспен қамтылған. Бір жыл ішінде бұл көрсеткіш екі есеге жуық өскен.
Сондай-ақ облыс әкімі ұжымдық шарттар жасалған кәсіпорындар санын арттыруды тапсырды.
Фото: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ