Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары аяқталып, жаңа жағалау ресми түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
ӨКҚ мәліметінше, абаттандырылған аумақтың ұзындығы — 4,5 шақырым. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары, заманауи жарықтандыру жүйесі, қорғаныс қоршаулары және балаларға арналған ойын алаңдары салынды. Нәтижесінде өзен жағасында демалыс пен серуендеуге қолайлы жаңа қоғамдық кеңістік қалыптасты.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Нұрлыбаев, Павлодар өзен порты өкілдері және жергілікті тұрғындар қатысты.
Әкімнің айтуынша, бұл жоба аудан инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жаңа жағалау тұрғындар үшін ашық және серуендеуге, отбасылық демалыс өткізуге арналған тартымды орындардың біріне айналады.

