Науқастың өмірін сақтап қалған жедел жәрдем бригадасына алғыс білдірілді, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Алғашқы медициналық көмектің дер кезінде және сапалы көрсетілуі — адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Облыстық ДСБ мәлімдегендей, осындай кәсіби жеделдіктің арқасында ажалдан аман қалып, кейіннен жүрегіне сәтті ота жасалған науқас бүгін өзіне көмек көрсеткен медицина мамандарына арнайы келіп, алғысын білдірді.
Науқас №26 жедел жәрдем бригадасының қызметкерлері – Рақым Нұргүл, Абуталиев Саяәділ және Галиев Н.-ға қысылтаяң сәтте танытқан жоғары кәсібилігі, жедел әрекеті мен жанашырлығы үшін ерекше ризашылығын жеткізді.
Сонымен қатар, кездесуге науқас еңбек ететін «Даларо (Оверсиз) Лимитед» ЖШС компаниясының өкілі де қатысты. Ол өз қызметкерінің өмірін арашалап қалуға қосқан зор үлестері үшін бригада мүшелеріне серіктестік атынан ресми түрде алғыс айтты.
Тұрғындардан келетін осындай шынайы алғыс пен жылы лебіздер — медицина қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне берілген ең үлкен баға және жоғары марапат.
Әрбір сақталған өмір — денсаулық сақтау саласы жұмысының ең маңызды нәтижесі болып қала бермек.
Амандық АБДОЛ
