Атырауда қоғамдық көлік бағыттарының желісі кеңейтіледі. Биыл қалада бірден төрт жаңа автобус бағытын іске қосу жоспарланып отыр. Негізгі мақсат – қала тұрғындарына, әсіресе халық тығыз қоныстанған шағын аудандарда тұратын азаматтарға қолайлы әрі қолжетімді қатынасты қамтамасыз ету, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жаңа бағыттар Самал шағын ауданындағы К7 тұрғын үй кешені мен СМП-163 аумағын, Балықшы мен Жұлдыз шағын аудандарын, Геолог пен Авангард, сондай-ақ Дамба ауылдық округі мен Балықшы шағын ауданын өзара байланыстырады. Ал жаңа бағыттарға Yutong, Daewoo, Ankai және ПАЗ маркалы автобустар шығады.
– Бұл бағыттар арнайы жүргізілген талдау нәтижесінде таңдалды. Аталған аумақтарда халық тығыз орналасқан әрі арақашықтық едәуір. Бағыттар желісін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Автопарктің жаңаруы қозғалыс аралығын қысқартып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қайрат Қойшығали.
Қазір Атырауда жолаушылар тасымалымен жеті көлік компаниясы айналысады. Қалаішілік қатынас 38 бағыт бойынша ұйымдастырылған, күн сайын желіге 300-ден астам автобус шығады.