Атырауда «Погондағы ару» байқауының жеңімпазы анықталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған «Погондағы ару» байқауының қорытындысы шығарылды.
Байқау жеңімпазы болып Жылыой ауданының пробация қызметі бөлімінің инспекторы Альбина Мұратбекқызы танылды. Дауыс беру қорытындысы бойынша ол 10 668 лайк жинап, өзге қатысушылардан озып шығып, бас жүлдені иеленді. Жеңімпазды департамент бастығы марапаттап, қызметіне алғыс білдіріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Альбина Мұратбекқызы 2005 жылдың 1 қарашасында Атырау облысында дүниеге келген. Ол Алматы заң колледжін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Қылмыстық-атқару жүйесіне 2024 жылдың желтоқсан айында қызметке қабылданып, еңбек жолын №79 мекемесінде бақылаушы болып бастаған. Қазіргі уақытта Жылыой ауданының пробация қызметі бөлімінде инспектор болып жұмыс істейді.
Жас қызметкердің айтуынша, құқық қорғау органдарында қызмет ету — үлкен жауапкершілік әрі абырой. Алдағы уақытта ол кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе жинақтап, өз міндеттерін адал атқарып, заңдылық пен тәртіптің сақталуына өз үлесін қосуды жоспарлап отыр.