Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда кәсіпкерлерге МӘМС жарналарын төлеу тәртібі түсіндірілді  

Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасында бизнес өкілдерімен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне жарна төлеу қағидаларын түсіндіруге арналған кездесу өтті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Мамандар жұмыс берушілер жиі жіберетін қателіктерді жан-жақты талдап, өзекті сұрақтарға жауап берді. Атырау облысы бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының халықты ақпараттандыру және пациенттерді қолдау бөлімінің бас сарапшысы Сағынбек Ароновтың айтуынша, МӘМС жүйесі Қазақстанда 2020 жылдан бері жұмыс істейді. Ол төлемдерді енгізу тәртібін реттеп, жарналар уақытылы әрі дұрыс төленген жағдайда азаматтарға медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

«Түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді — мемлекеттік мекемелерде, бюджеттік және жеке ұйымдарда. Өткен айда облыс әкімдігінде өткен өңірлік штаб отырысынан кейін бұл жұмысқа қосымша серпін берілді. Онда МӘМС жүйесіне төлем жасау кезінде қателіктерге жол бермеу мақсатында бизнеске ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту тапсырылды», — деді Сағынбек Аронов. 

Спикердің сөзінше, жұмыс берушілер тарапынан жіберілетін негізгі заңбұзушылықтар төлемдердің дұрыс немесе уақытылы жүргізілмеуіне байланысты. Атап айтқанда, кәсіпкерлер заң талаптарына сәйкес екі міндетті төлемді бір мезгілде аудармай жатады. Соның салдарынан жүйе қызметкердің сақтандырылған мәртебесін көрсетпей, ол уақытша медициналық қызметтерден қағылуы мүмкін.

Мамандар еске салғандай, сұрақтар туындаған жағдайда кәсіпкерлер msqory.kz ресми сайты арқылы, Атырау қаласы, Құлманов көшесі, 113В мекенжайындағы филиал кеңсесіне жүгіну немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасын пайдалану арқылы кеңес ала алады. Ұйымдастырушылардың атап өтуінше, мұндай кездесулер жұмыс берушілердің қаржылық тәртібін арттыру және азаматтардың медициналық көмекке қол жеткізу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта да жалғасады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ