Атырауда жаңа Caspian BINOM school мектеп-лицейіне құжат қабылдау басталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Жаңа білім ордасы алдағы жаңа оқу жылында алғашқы оқушыларын қабылдайды. Құжаттар қазіргі уақытта Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM school базасында қабылдануда.
Жаңа мектеп шамамен 4 мың оқушыға арналған және оқу үдерісі толықтай қазақ тілінде екі ауысыммен жүргізіледі.
Мектепте 127 оқу кабинеті, заманауи зертханалар, STEM кабинеттері, кітапхана, 4 спорт залы, 414 орындық акт залы, екі асхана, сондай-ақ хореография, кино және хор залдары жабдықталады.
Қазіргі таңда педагогикалық ұжымның 90 пайызы жасақталған. Қазір математика және информатика пәндерінің мұғалімдерін қабылдау жалғасып жатыр.
Бүгінде нысанда сыртқы әрлеу жұмыстары, инженерлік жүйелерді реттеу және аумақты абаттандыру жұмыстары аяқталуға жақын.
Жаңа мектептің ашылуы Атырау қаласындағы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
