Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырауда автобус картасын рәсімдеу басталды

Атырауда Onay! жеңілдік карталарын рәсімдеуге өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

 

ONAY! компаниясы жүйені пайдалануға енгізу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Қазіргі уақытта автобустарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатуға дайындық жасалуда.

Сонымен қатар «Оқушы» және «Студент» карталарын рәсімдеу үшін құжаттар мен өтініштерді қабылдау басталды. Оқушылар мен олардың ата-аналарына ыңғайлы болу үшін карталардың алғашқы берілуі оқу орындары арқылы жүзеге асырылады. Кейін карта механикалық зақымдаған немесе жоғалған жағдайда филиалға жүгіну қажет болады. Қазіргі уақытта оқушылар мен студенттерден жеңілдік карталарын тегін рәсімдеу үшін 17 мыңнан астам өтінім қабылданды.

Жүйені іске қосу 2026 жылдың сәуір айына жоспарланған. Осыған байланысты жеңілдік алушыларға ONAY! көлік карталарын рәсімдеу үшін өтініш беру қажет. Шамамен екі ай бойы жеңілдік санаттарына арналған карталарды алғаш рет рәсімдеу компания есебінен тегін жүзеге асырылады. Кейін картаны алғашқы шығару және қайта шығару белгіленген тарифтер бойынша жүргізіледі.

ONAY! мамандары жеңілдік карталарын рәсімдеу үшін өтініштер мен құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталықтарында дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін, осы мекен-жайлар бойынша түскі үзіліссіз қабылдайды:

1. Әбілқайыр хан даңғылы 66, 2-ші блок, 1-қабат, сол қанат, бірінші үстел.

2. М. Баймұханов көшесі 16а

Карталар өтініш берілген жерде беріледі.

ONAY! қызмет көрсету орталығы да іске қосылуға дайындалуда. Оның жұмысы басталғаны туралы қосымша хабарланатын болады.

Сонымен қатар жүйені іске қосу аясында қалада Бірыңғай көлік картасын сату нүктелері ұйымдастырылады. Бұл — қоғамдық көлікте бірыңғай тариф бойынша жол жүруге арналған стандартты карта. Оның ыңғайлылығы — ONAY! қосымшасы, банк қосымшалары немесе қала бойынша орналасқан төлем терминалдары арқылы бірнеше батырманы басу арқылы толықтыруға болады.

Қала тұрғындарының назарына:

- жеңілдікпен жол жүру құқығына ие барлық тұлғалар өтініш беріп, жеңілдікпен жол жүруге арналған карталарды рәсімдеуі қажет;

- мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне және жоғары оқу орындарының студенттеріне карталар оқу орындары арқылы беріледі — ол үшін өз оқу орнындағы жауапты тұлғаға жүгіну қажет.

Атырау қаласы Мәслихаты мен әкімдігінің бірлескен шешімі мен қаулысына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Автомобиль көлігі туралы» Заңына сәйкес төмендегі азаматтар санаттары жеңілдікпен жол жүру құқығына ие:

Тегін жол жүру:

1) Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;

2) Басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

3) I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;

4) Көпбалалы аналар («Күміс алқа», «Алтын алқа» иегерлері немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғандар).

5) 1-11 сынып оқушылары.

Жол жүру құнының 50% мөлшеріндегі жеңілдік:

1) Жасына байланысты зейнеткерлер;

2) Төрт баласы бар көпбалалы аналар;

3) III топтағы мүгедектігі бар адамдар;

4) Облыс аудандарынан 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалар;

5) Колледж оқушылары мен ЖОО студенттері.

Жеңілдікті дербестендірілген ONAY! картасын алу үшін қажетті құжаттар мен шарттар тізімі:

  • жасына байланысты зейнеткерлерге — жеке басын куәландыратын құжат, ҚР зейнеткерлік куәлігі, 3×4 фотосурет (электронды түрде де болады), Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы;
  • - төрт баласы бар көпбалалы аналарға — жеке басын куәландыратын құжат; төрт кәмелетке толмаған баланың туу туралы куәліктері; Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы; 3×4 фотосурет (электронды түрде де болады);
  • I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдарға — жеке басын куәландыратын құжат; ҚР мүгедектік туралы анықтама; Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы; 3×4 фотосурет (электронды түрде де болады);
  • - Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне — жеке басын куәландыратын құжат; ҰОС ардагерінің куәлігі немесе ХҚКО-дан алынған 070 нысанындағы анықтама; 3×4 фотосурет (электронды түрде де болады); Атырау қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеудің болуы;
  • - «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға — жеке басын куәландыратын құжат; орден кітапшасы; 3×4 фотосурет;
  • Оқушы балаларға — жеке басын куәландыратын құжат; 3×4 фотосурет (электронды түрде де болады).

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ