Атырау халықаралық әуежайына Таяу Шығыстан эвакуацияланған тағы 184 жолаушы келіп жетті, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Қазақстан азаматтары Біріккен Араб Әмірлігі мен Катар елдерінен ұшып келген. Рейс Джидда – Атырау – Алматы бағыты бойынша Airbus A321 ұшағымен орындалды. Тасымалдаушы — қазақстандық Air Astana әуе компаниясы.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушылардың арасында ер адамдар, әйелдер және балалар бар. Ұшақ әуежайға қонғаннан кейін жолаушылар шекаралық және кедендік бақылаудан өтіп, тиісті қызметтердің көмегіне жүгінді. Әуежай қызметкерлері мен жауапты мемлекеттік органдар келген азаматтарға қажетті ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.

Айта кетейік, бұл рейс Қазақстан азаматтарын Таяу Шығыс елдерінен елге қайтару мақсатында ұйымдастырылған эвакуациялық шаралардың бірі. Жолаушылардың бір бөлігі сапарын Атырау қаласында аяқтаса, қалғандары осы рейспен Алматы қаласына қарай жолын жалғастырды.