Атырау облысындағы перзентханаға қатысты шағым желіде талқылануда, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы медицина саласына қатысты шағым тарады. Жазба авторы Сәуле Кизатованың айтуынша, перзентханада босанған әйелдерді шығару уақыты келгеніне қарамастан, әртүрлі себептермен ұстап қалу жағдайлары болуы мүмкін.
Айтуынша, кейбір аналарға «баланың сарыауруы бар» немесе «басы қысылып туған» деген сияқты себептер айтылып, осыны негізге ала отырып перзентханадан шығару кейінге қалдырылады. Сонымен қатар, ақша берілгеннен кейін ғана «баланың жағдайы жақсы» деген анықтама беріліп, үйлеріне жіберіледі деген болжам да айтылуда.
Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Сондай-ақ желіде құзырлы органдар мен денсаулық сақтау мекемелеріне осы фактілерді тексеріп, тиісті шаралар қабылдауды сұраған пікірлер де пайда болуда.
Өз кезегінде Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдай бойынша өз бастамаларымен арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Құрманғазы аудандық ауруханасында қызметтік тексеріс басталды. Оның барысында пациенттерге көрсетілген медициналық көмектің сапасы, жүргізілген тексерулер мен емдеу шараларының медициналық стандарттарға сәйкестігі жан-жақты бағаланатын болады. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданып, бұл туралы жұртшылыққа ақпарат беріледі.