Атырау +7 7719012424 Бұл электронды пошта мекен-жайы спам-боттардан қорғалған, оны қарау үшін Сізде Javascript қосылған.

Тіліңізді таңдаңыз

Тіліңізді таңдаңыз

Атырау қаласындағы Солтүстік айналма жолының құрылысы қай кезеңде?

Атырау қаласын айналып өтетін ұзындығы 27,6 шақырым болатын Солтүстік айналма жол құрылысының аяқталуы осы жылға жоспарланған. Бұл жол іске қосылған жағдайда, басқа өңірлер мен елдерден келетін жүк көліктері қала орталығына кірмей-ақ, өз бағыттарына өте алады, деп хабарлайды AtyrauTODAY тілшісі.

Солтүстік айналма жол Атырау қаласындағы жолдарға түсетін жүктемені азайтып, өңірдің көлік-логистика саласының дамуына серпін береді. Жоба 2022 жылы басталып, бастапқыда 2025 жылы аяқталуы тиіс болған. Жоба аясында Жайық өзені мен Сарыөзек каналы арқылы өтетін көпірлер салу, сондай-ақ үш жолайрық (развязка) тұрғызу қарастырылған. Өзеннің оң жағалауында жол «Атырау–Орал» тас жолының 10-шақырымымен, ал сол жағалауында «Атырау–Индер» жолының 9-шақырымымен жалғасады.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда атқарылған жұмыстар көлемі 21,75%-ды құрайды. Бірінші іске қосу кешені бойынша ПК 275+74 нүктесінде жол өтпесінің құрылысы жүргізілуде. Аралық құрылым арқалықтарын монтаждау жұмыстары аяқталған.

- Қазіргі уақытта мердігер ұйым арқалықтар арасындағы тігістерді арматуралау және жабын плитасын құю жұмыстарын бастап кетті. Сонымен қатар ПК 160+00 учаскесінде жер төсемін жасау және ПК 275+74 нүктесіндегі жолайрықта дренаждық топырақ төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Екінші кезеңде ПК0+00-ден ПК118+00-ге дейінгі (ұзындығы 11,8 км) учаскені аяқтау қажет. Қазіргі уақытта №1 ростверк шұңқырынан су сору жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ осы кезеңде ПК73+88 нүктесінде Қараөзек арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жоспарланған.

Үшінші іске қосу кешені Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысын қамтиды. Қазіргі таңда 208 қаданың 24-і (11%) орнатылған. Алайда көпір құрылысы уақытша тоқтатылған. Нормативтік мерзімге сәйкес, Жайық өзені арқылы өтетін көпір құрылысы 29 айға созылады, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, жобаның жалпы құны 28,4 млрд теңгені құрайды. Мердігер ұйымдар — «AzVitr» ЖШС және «АқЖолҚұрылысы» ЖШС.

Аман ШАМАР

Фото: "AtyrauPress"